БастыДенсаулық

Тұмауға қарсы екпе алу керек пе және одан иммунитет төмендемей ме?

Тұмауға қарсы егу науқанының басталуымен тұрғындарда түрлі сұрақтар туындай бастады. Атап айтқанда, көптеген адам «Тұмауға қарсы екпе алу керек пе және одан иммунитет төмендемей ме?» «COVID-19 және тұмауға қарсы вакцина бір-біріне сәйкес келе ме?» деген сынды мәселелер алаңдатады. Бұл сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласы №3 қалалық емханасының терапия бөлімшесінің меңгерушісі Көркем Асанова жауап берді.

«Биыл эпидемиологиялық жағдай маусымдық тұмау COVID-19 ауруының өсуімен сәйкес келуіне орай қиын болып тұр. Мұндай жағдай тек елордада ғана емес, бүкіл республикамызда да байқалады. Екі вирус та қауіпті. Тұмаудың белгілері жеңіл және ауыр болуы мүмкін. Бірақ ауру асқынса қауіпті бола түседі. Тұмаудың салдарынан вирустық пневмония, қайталама бактериялық пневмония, синусит және астма немесе жүрек жеткіліксіздігі сияқты созылмалы аурулар өршуі мүмкін. Сондай-ақ тұмау эмфизема, созылмалы бронхит, астма, жүректің ишемиялық ауруы және жүрек жеткіліксіздігі сияқты созылмалы ауруларды қоздыра алады. Ал вакцинация тұмау вирусын жұқтыру ықтималдығын азайтады және аурудың асқынуынан қорғайды», – дейді Көркем Асанова.
Сарапшы алдағы маусымда тұмаудың өршуіне жол бермес үшін мейлінше көбірек адам екпе алуы тиіс деп есептейді. Сонымен қатар, Көркем Асанова тұмауға қарсы вакцинацияны коронавирусқа қарсы вакцинацияның толық курсын аяқтағаннан кейін бір айдан ерте емес уақытта жүргізуге болады дейді. Иммундық жүйенің патогенге антиденелер шығаруы үшін осындай уақыт аралығы қажет екен.

«Коронавирустың екі компонентін де алу үшін бір жарым айдай уақыт керек екенін ескерген жөн. Сондықтан, тұмауға қарсы екпені де уақыт созбай алған абзал», – деп түсіндірді дәрігер.

Маманның айтуынша, тұмауға қарсы вакцинациядан аурудың басталғанын күтпей-ақ өту қажет. Тұмауға қарсы вакцина коронавирусты немесе тұмаудан басқа респираторлық вирустарды жұқтыру қаупін арттырмайды, бұл мәселені терең зерттеген Канада ғалымдары осындай қорытындыға келген. Вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әдісі.

Сонымен қатар, Көркем Асанова тұмауға қарсы ауқымды вакцинация тұмаудың асқынуларымен ауруханаға жатқызу санын азайту үшін де қажет екенін атап өтті, бұл дәрігерлерге COVID-19-бен күресуге барынша күш жұмсауға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button