Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты аясында екінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстандық футзалшылар топтық кезеңдегі екінші матчында турнир қожайыны Литвамен кездесті. Матчтың 23-секундында Тайнан есеп ашты. Бұл биылғы әлем чемпионатындағы ең жылдам гол болып тіркелді.
Үзіліске дейін есеп өзгерген жоқ. Ал екінші таймда қазақстандықтар тағы екі гол соқты. Алдымен Дәурен Тұрсағұлов көзге түсті. Кейін Альберт Ақбалықов жақын бұрышты дәл көздеді. Қорытынды есеп – 3:0, Қазақстан құрамасы үш ұпай еншіледі.
Енді Қазақстан 18 қыркүйекте Венесуэла құрамасымен күш сынасады. Бұл ойында жеңіске жетсе, команда топтан бірінші орынмен шығады.
Әлем чемпионаты – 2021. Топтық кезең. 2-тур.
Литва – Қазақстан 0:3 (0:1)
Голдар: Тайнан 1, Тұрсағұлов 30, Ақбалықов 36.
Литва: Загарас (Қ), Загурскас (К), Сендзикас, Реймарис, Жучно; Глинскис, Буйницкий, Дерендяев, Буцма, Спиетинис, Воскуновиц, Баранаускас, Мацейнис, Самсоник.
Қазақстан: Игита (Қ, К), Дуглас, Тайнан, Оразов, Тұрсағұлов, Серіков, Қарағұлов, Нұрғожин, Тоқаев, Валиуллин, Ақбалықов, Есенаманов, Кнауб, Сарбасов.
15 қыркүйек. Каунас. «Каунас Арена».