Қостанай облысында ірі орман өрті сөндірілді
Ағымдағы жылдың 10 шілдесінде сағат 12:50-де Қостанай ауданындағы «Пригородное» орман шаруашылығы басқармасының аумағында, Тобыл қаласынан 30 шақырым жердегі ірі орман өрті сөндірілді. Бұл туралы Қостанай облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Өрт 8 шілдеде сағат 10:40-та басталды. Құрғақ шөптер, қарағай мен қайың ағаштары өртенді. Өртті жедел сөндіруге қатты екпінді жел мен құрғақ ыстық ауа райы қиындық туғызды.
Өртке қарсы күреске ТЖД, орман шаруашылығы, ЖАО және полиция күштері мен құралдары да қосылды.
Орман алқабын жалыннан қорғау үшін ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ Ми-8 тікұшағы суағар жабдықтарымен тартылды. Құтқару тікұшағы ауадан 60 рет су бүркуін жасады, шығарылған су көлемі шамамен 200 тоннаны құрады.
Жалпы аумағы 300 Га-ды құрады. Өрттің шығу себебі – анықталуда.
Оқшаулау келесі күні 9 шілдеде 21:00-де жарияланды, түске таман өрт толығымен сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Орман өртін жоюға 315 адам мен 40-тан астам техника жұмылдырылды.