Елордада карантиндік шектеулерді қатаңдату туралы жаңа қаулыға сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласының сауда ойын-сауық орталықтарының, дәмханалар мен мейрамханалардың 27 маусымнан бастап сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы 2021 жылғы 22 маусым күні Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасы негізінде қабылданды.
Сонымен, сауда ойын-сауық орталықтарының жұмыс кестесі өзгертілді.
СОО-лар ертеңнен бастап COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинациялау пункттері орналасқанына қарамастан дүйсенбі-жұма күндері сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Сауда-ойын сауық орталығында орналасқан азық-түлік және бірінші кезекте қажетті заттарды сататын дәріханаларға, шағын маркеттерге, супермаркеттер мен гипермаркеттерге бұл шектеу қолданылмайды.
Фудкорттардың жұмысы тамақты өзімен бірге алып кету немесе жеткізу тәртібі бойынша жұмыс істейді. Бұл «Ashyq» жобасына қатысатын фудкорттарға қолданылмайды. Ал түрлі акциялар, жәрмеңкелер, шоурумдар, офлайн форматтағы ұтыс ойындарын өткізуге тыйым салынады.
Сондай-ақ қаладағы дәмханалар мен мейрамханалардың да жұмыс уақыты қысқартылатын болады.
«Ashyq» жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда мейрамханалар, дәмханалар, кофеханалар типіндегі (ғимараттардың ішінде) қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысын орналасқан жеріне қарамастан, күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды және көршілес үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, толтырылуы 50%-ға дейін, бірақ 30 орыннан аспайтын шарттарды қамтамасыз етуі керек. Осы жағдайда жұмыс күндері сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс кестесін белгілеумен, сенбі және жексенбі күндері жұмыстарына тыйым сала отырып ұйымдастырылуы тиіс», — делінген қаулыда.