Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық Ат туризм федерациясының ұйымдастыруымен салт аттылардың көпкүндік экспедициясы өтеді. Бұл жақында ғана ашылған Ұлттық Ат туризм федерациясының тұсаукесер сапары болмақ.
Экспедиция ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық музейі, Ботай қорық-музейінің қолдауымен өтеді.
Маусым айының 10 мен 30-сы аралығына жоспарланған бұл сапар ең алыс қашықтыққа еліміз тарихында тұңғыш рет өткізіліп отыр. Нұр-Сұлтан – Жидебай бағытында 1000 шақырымды бағындыруға әуесқой салт аттылар өз бастамаларымен біріккен.
Экспедицияның негізгі мақсаты – еліміздегі тарихи нысандарды атпен аралау, Елбасымыздың «Атқа міну мәдениетін» насихаттау, Қазақстанда жылқы туризмін дәріптеу және еліміз жастарының тарихымызға, киелі жерлеріміз бен атқа мінуге деген қызығушылығын ояту. Сонымен қатар бұл сапар өткен жылы, яғни Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында өтуді жоспарлаған болатын. Алайда, әлемде коронавирус індетінің таралуына байланысты кейінге қалдырылды.
Көпкүндік сапар Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы ежелгі Бозоқ қалашығынан бастау алып, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы жерлеріндегі Олжабай батыр, Едіге би, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Бұқар жырау, Абай-Шәкерім кесенелері, Қоянды жәрмеңкесінің орны, Торайғыров музейі т.б. қатарлы киелі, тарихи орындарды аралайды.
Сапар барысында экспедиция мүшелері (15 адам) еліміздің 4 облысының 20-дан астам ауылына ат басын тірейді. Одан бөлек 15-тен астам тарихи нысанды басып өтеді. Бұл – Қазақстан тарихында алғаш рет 1000 шақырымға созылатын тарихи сапар. Экспедиция құрамында еліміздің Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, ШҚО, Нұр-Сұлтан қаласының өкілдері – тарихшылар, медицина қызметкерлері, БАҚ өкілдері, ақындар бар. Сонымен қатар экспедиция қонағы ретінде Мәскеуден келген ф.ғ.к. қатысады.