БастыСаясат

Асқар Мамин ТМД елдерінің Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясын әзірлеуді ұсынды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Минск қаласына сапары аясында ТМД Үкімет басшылары кеңесінің (ҮБК) отырысына қатысты, онда пандемиядан кейінгі кезеңде ТМД экономикасын тұрақты дамытудың жаңа күн тәртібін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

«ТМД елдері пандемиядан кейінгі қалпына келу кезеңіне біртіндеп көшуде. Біздің экономикаларымыз, жетекші халықаралық қаржы ұйымдарының болжамдары бойынша, биыл оң өсу траекториясына шығады», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы ТМД елдері арасындағы өзара сауда көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өтті. Биылғы қаңтар-наурызда Қазақстанның ТМД елдерімен саудасы $6,3 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артық.

ҚР Премьер-Министрі қосылған құнды бірлесіп қалыптастыруды қамтамасыз ету, оны өткізу нарықтарына дейін тасымалдау және көрсетілген процестерді қаржыландыру бойынша үйлестірілген шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті. Бұл ретте ықтимал қайталанатын шоктар жағдайында экономиканың тұрақтылығын арттыру үшін ТМД-ның сыртқы төлем теңгерімінің орнықтылығын қамтамасыз етуге, оның ішінде Достастық ішіндегі тауар айналымын ұлғайту жолымен қамтамасыз етуге назар аудару қажет.

ТМД экономикалық дамуының жаңа күн тәртібі аясында Қазақстан Үкіметінің басшысы Достастықтың өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік әлеуетін іске асыруға баса назар аударуды ұсынды.

«Азық-түлік өнімдерін өндіруге, өңдеуге, бөлуге, реттеуге және тұтынуға қатысты субъектілер мен іс-шаралардың бүкіл спектрін қамтитын ТМД елдерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясын әзірлеп, қабылдау қажет», — деді А. Мамин.

ТМД аясында бірлескен тиімді және практикалық көлік саясатын әзірлеу мен іске асырудың, инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша жұмысты жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Үкімет басшысы қалыптасқан ірі жаһандық қосылған құн тізбектерінің трансформациясынан, дәстүрлі бағыттардың орнықтылығына қатысты қауіптенуден және жекелеген аймақтардың транзиттік әлеуетіне қатысты белгісіздіктен туындаған халықаралық көлік ағындарын ауқымды қайта бөлуді ескере отырып, ТМД-ның халықаралық тасымал нарығындағы өз үлесін ұлғайтуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

«Мұндай серпін біздің транзиттік көрсеткіштеріміз арқылы көрініс беріп отыр. 2020 жылы пандемияға қарамастан, Қазақстан аумағы арқылы Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша контейнерлік тасымалдардың өсуі 59,6% құрады. Осы жылдың алғашқы төрт айында өсім 84% құрады», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр жобаларды қаржыландырудың жаңа тетіктерін және өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа бірлескен өндірістерді құру, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарын санитарлық қорғау, жалған тауарлық белгілер мен географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу және жолын кесу салаларындағы ынтымақтастық туралы келісімдер қабылданды.

ТМД ҮБК жұқпалы аурулардың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен іс-қимылдардың орташа мерзімді жоспарын, 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған аусылдың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі бірлескен шаралар кешенін бекітті, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резервтерді басқарудағы және қарулы күштер офицерлерін даярлаудағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде шешімдер қабылдады.

ТМД аясындағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері және ТМД-ның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Экономикалық даму стратегиясының бірінші кезеңін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары қаралды.

Cондай-ақ отырысқа Әзербайжан Премьер-Министрі Әли Идаят оғлы Асадов, Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко, Қырғызстан Премьер-Министрі Улукбек Марипов, Ресей Премьер-Министрі Михаил Мишустин, Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов, Армения вице-премьер-министрінің м. а. Мгер Григорян, Түркіменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Гадыргельды Мушшиков, Молдованың Беларусьтегі елшісі Виктор Сорочан қатысты.

Қарлығаш Құрамысова

Құрамысова Қарлығаш Әмірғалиқызы 1998 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 2015-2018 жылдар аралығында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ның "Журналистика және саясаттану" факультетін тәмамдаған. Мамандығы - журналист. 2018 жылы "Егемен Қазақстан" республикалық газетінде тілші, 2019 жылы "Kazislam" ақпараттық порталында SMM-менеджер қызметтерін атқарған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button