
2021 жылғы 1 сәуірге еліміздегі халық саны 18 940,4 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 11 204,8 мың (59,2%), ауылдықтар – 7 735,6 мың адам (40,8%). 2020 жылғы 1 сәуірмен салыстырғанда халық саны 250,2 мың адамға немесе 1,3%-ға өсті.
2021 жылғы қаңтар-наурызда республика халқының табиғи өсімі 2020 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда (61,5 мың адам) 4,6% өсіп, 64,3 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,73 адамды құрады.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-наурызда туылғандар саны 100,5 мың адамды құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-наурызға (92,7 мың адам) қарағанда 8,4% көп. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 21,44 туылғандарды құрады.
Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 36,1 мың адамды құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-наурызға (31,2 мың адам) қарағанда 15,8% көп. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 7,71 қайтыс болғандарды құрады.
2021 жылғы қаңтар-наурызда республикада 1 жасқа дейін шетінеген 815 нәресте тіркелді. 2020 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (796 шетінеген нәресте) 2,4% артты. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғандарға шаққанда 8,11 оқиғаны құрады.
Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-наурызда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 2 066 адамды, елімізден кеткендердің саны 5 519 адамды, көші-қонның айырымы – 3 453 адамды құрады.
Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі 83,1% және 82,0% құрады.
Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 9,5%-ға кеміді. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды: Алматы (7 955 адам), Шымкент (5 681 адам), Нұр-Сұлтан (6 260 адам) қалаларында және Маңғыстау облысында (319 адам).



