БастыҚоғам

ШҚО-да суға түсуге тыйым салынған 64 учаске тіркелді

Шығыс Қазақстан облысында суға түсуге тыйым салынған 64 учаске тіркелді. Бұл туралы ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі хабарлады.

«Жаз шығып, күннің жылынуымен аймақта су жағасына барып демалушылар саны арта түседі. Өткен жылы Шығыс Қазақстанда суға шомылу маусымында 31 адам суға батқан. Барлық жазатайым оқиғалар жабдықталмаған шомылу орындарында болды. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының шешімімен азаматтардың шомылуына рұқсат етілмеген 64 учаске анықталды», – делінген хабарламада.

ТЖД құтқарушылары жүргізген көпжылдық талдау көрсеткендей, мұндай қауіпті су айдындарында ағын өте күшті.

Оның түбін сүңгуірлер тексермеген, сондықтан өзендерде адам денсаулығына қауіп төндіретін және өліміне әкелетін тастар, арматуралар және басқа да заттар бар.

«Демалушыларды қауіпсіздік мақсатында арнайы шомылуға жабдықталған орындарға баруға шақырамыз. Өңір бойынша ондай 16 жер бар. Құтқарушылар суға түсуге тыйым салынған учаскелерді жаз бойы патрульдейтін болады», делінген ақпаратта.

Қарлығаш Құрамысова

Құрамысова Қарлығаш Әмірғалиқызы 1998 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 2015-2018 жылдар аралығында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ның "Журналистика және саясаттану" факультетін тәмамдаған. Мамандығы - журналист. 2018 жылы "Егемен Қазақстан" республикалық газетінде тілші, 2019 жылы "Kazislam" ақпараттық порталында SMM-менеджер қызметтерін атқарған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button