
Көкшетауда із-түзсіз жоғалып кеткен мұғалім іздестірілуде. Бұл туралы Полиция департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Көкшетау қалалық ПБ кезекшілік бөліміне СҚО ауылдарының бірінің 53 жастағы тұрғыны хабарласып, 1989 жылы туған ұлы Бақтияр Талғатұлы Теміржановтың хабарсыз кеткенін айтқан. Өтініш иесінің айтуынша, ұлы 7 мамырда сағат 08:00 Көкшетау қаласындағы үйінен шығып содан хабарсыз кеткен.
Белгілі болғандай, жоғалған адам дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.
Жоғалған адамның белгілері: бойы 175-180 см, дене бітімі арықтау келген, шашы қара, құлақтары орташа, көздері қысыңқы, қоңыр түсті.
Үстіне сұр джинсы, қою көк түсті куртка, қоңыр түсті аяқ киім киген.
Ерекше белгілері: астыңғы ернінің төменгі жағында мең бар.
«Ер адамның тұрған жерін анықтау мақсатында тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді, оның барысында барлық таныс және жақын адамдардан жауап алынды. Барлық камералар қаралды, бірақ ер адамның орналасқан жерін табу мүмкін болмады», – деді ведомстводан.
Осы ретте, полиция қызметкерлері Бақтияр Талғатұлы Теміржановтың тұрған жерін білетін немесе оның жоғалуына қатысты қандай да бір ақпаратқа ие адамдар болса «102» арнайы желісіне немесе 29-96-00 телефон нөміріне қоңырау шалуды сұрайды.



