БастыДенсаулық

Былтырғы жағдай қайталануы мүмкін: Науқастар ауыр халде ауруханаға түсіп жатыр

Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артты. Бұл туралы елорданың штаттан тыс бас инфекционист дәрігері Сәуле Атығаева мәлімдеді.

«Былтырғы жағдай тағы да қайталана ма деп қорқамыз. Қазіргі уақытта коронавирус жұқтырғандар көрсеткіші бәрімізді алаңдатып отыр. Науқастар ауыр халде ауруханаға түсіп жатыр. 18 наурызда қала бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 307 жағдай анықталды», – дейді көпсалалы медициналық орталықтың инфекция блогының дәрігері.

Оның айтуынша, жан сақтау бөліміне тәулігіне 5 науқас түседі. Әсіресе, артериялық гипертензиясы, қант диабеті, жүректің ишемиялық ауруы бар егде жастағы адамдарға коронавирус инфекциясын жұқтыру қауіп тудырады.

«Өткен жаздағы жағдай қайталанбас үшін, сондай-ақ өлімге әкелетін жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындардан сақтануды сұраймыз. Күн сайын сіздер мен біздің амандығымыз үшін жұмыс істейміз. Бірақ жағдайды тек дәрігерлер көмегімен реттеу мүмкін емес. Жауапкершілік маңызды рөл атқарады», – деді елорда дәрігері.

Нұр-Сұлтан қаласы дәрігерлерінің айтуынша, инфекция жұқтырғандар саны әсіресе мереке күндерінен кейін артады. Адам көп жиналатын орындарда санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталмауынан науқастар саны айтарлықтай көбейген. Қала тұрғындары үшін бұл байқалмауы мүмкін, бірақ дәрігерлер жағдайдың күрт нашарлағанын бірден байқайды.

Өткен тәулікте, 17 наурыздағы деректер бойынша, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 186 жағдайы тіркелді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button