Жүк пойызы адам қағып кетті
Павлодар облысында жүк пойызы ер адамды қағып кетті. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

2021 жылы 24 ақпанда сағат 16:22-де Павлодар станциясындағы желілік полиция бөліміне Жолқұдық станциясындағы жүк пойызының машинисі теміржол өткелінен өтіп бара жатқан адамды белгіленбеген жерде басып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Салдарынан ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
– Біз азаматтарды жеке қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырамыз. Теміржолдардан өту тек арнайы белгіленген және жабдықталған орындарда ғана рұқсат етілетінін еске саламыз, – деп атап өтті полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Қалижан Қобландин.
Қалижан Қобландин сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері пойыздарды шұғыл тежеудің 261 фактісі тіркелген, оның 63-і теміржол төсемінде адамдардың, 192- і малдың болуына байланысты. Белгіленбеген орындарда теміржолдан өткендері үшін 144 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

