
СҚО-да өткен жылы шілде айында коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты прокуратураның бастамасымен және облыс әкімінің өкімімен ахуал орталығы құрылды.
Оған бірнеше бағытта жұмыс істейтін 5 мониторинг тобы кірген.
Олардың құрамында экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері, сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің, прокуратура мен әкімдік және басқа да мүдделі ведомство өкілдері бар.
«Екінші мониторинг тобының мақсаты – дәрі-дәрмек алып-сатарларымен күресу, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, препараттарды мемлекет бекіткен бағадан жоғары сатуды болдырмау және дәріханаларда дәрілік препараттардың жеткілікті мөлшерде болуын қадағалау. Мониторингті күнделікті жүргізуге тырысамыз. Петропавлдағы ғана емес, аудандардағы дәріханаларды да қамтимыз. Жыл басынан бері 42 нысанды тексердік. Осы аптада 12 дәріхананы назарға алдық. Заң бұзушылықтар болған жоқ», – дейді СҚО экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Виктория Алпеева.
Мониторинг тобы денсаулық сақтау басқармасы бекіткен тізім – аса маңызды 41 дәрі-дәрмек бойынша тексереді.
Оған антикоагулянттар, бактерияға қарсы, дене қызуын түсіретін және вирусқа қарсы препараттар кіреді.
«Қазіргі таңда Петропавлда осы тізімге кірген 3 препарат жоқ. Олар – бактерияға қарсы дәрі-дәрмектер. Бірақ дәріханалардан олардың аналогын қолжетімді бағаға қиындықсыз табуға болады. Яғни өңірде дәрі-дәрмек жетіспеушілігі жоқ. Мониторингтік топтар шілде айында құрылған кезде мәселе көп болды. Дәріханаларда дене қызуын өлшейтін градусниктер, қарапайым парацетамол мен аспирин болған жоқ. Қазір мұның бәрі артта қалды. Дәріханалар қажеттінің бәрімен толық қамтылған, қоймаларда да жеткілікті қор бар», – дейді Виктория Алпеева.
Жалпы жыл басынан бері мониторинг тобы дәріханаларды тексеру барысында екі олқылықты анықтаған.
Екеуінде де препараттар белгіленген бағадан орта есеппен 50-60 теңгеге қымбат сатылған.
Дәріхана иелерімен профилактикалық әңгіме жүргізілді.