БастыТехнология

Алматы цифрлық телевизияға көшті

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев цифрлық эфирлік телевизияға көшіру жобасының аяқталғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі Instagram-дағы парақшасында цифрландырудың жаңа кезеңінің бастау алуымен аналогтық хабар таратудың тарих қойнауына енетінін атап өтті.

«Жобаны кезең-кезеңмен іске асыру кезінде Алматы мен облыстағы 90 цифрлық радиотелевизиялық станса пайдалануға берілді. Бұл – 3,8 миллионнан астам тұрғыны бар 736 елді-мекенді цифрлық эфирлік телехабар тарату жүйесімен қамтуға мүмкіндік ашты», — деп жазды Б. Сағынтаев.

Цифрлық стандарт отандық телеарналардың хабар тарату үлесін ұлғайтып, елдің ақпараттық ресурсына тең құқықты қолжетімділікті қамтамасыз етеді. 4-5 телеарнаның орнына қазақстандық 30-ға жуық телеарнаны таңдауға мүмкіндік туды. Бұл ретте қымбат спутниктік табақты орнатудың да, кабельдік операторға ақы төлеудің де қажеті жоқ. Әлеуметтік осал топтағы азаматтар сигнал қабылдағыштар арқылы тегін қамтамасыз етіледі.

«Цифрлық» режимге көшудің ресми рәсімі «Көктөбе» телемұнарасында өтті. Ол республикадағы ең биік және тек Алматы аумағын ғана емес, сонымен қатар жақын маңдағы 200 елді мекенді цифрлық сигналмен қамтиды. Бұл Алматы облысы тұрғындарының 40%-ын құрайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button