БастыҚоғам

Павлодар облысы Экологиялық кеңесінің құрамына тек бес шенеунік кірді

Консультативтік-кеңесші органдағы орындардың 80%-ын экологиялық белсенділер, ғалымдар мен қоғам белсенділері иеленді. Экокеңестің жаңа форматы мен жұмыс жоспары 20 қарашада Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың қатысуымен өткен онлайн-отырыста талқыланды, деп хабарлайды Kaznovosti.kz

Өңір басшысының пікірінше, өзгерістер қоршаған ортаны қорғау саласындағы шешімдердің сапасы мен уақтылығына оң әсер етуі тиіс.

– Негізгі стратегиялық бағыттар анықталды. Бұл атмосфералық ауа сапасын жақсарту, зиянды қалдықтарды азайту, көгалдандыру, қатты тұрмыстық қалдықтарды игеру және облыс тұрғындарының экологиялық мәдениеті деңгейін арттыру. Бұл жерде, басқа салалардағыдай, сіздердің қолдауларыңыз маңызды, біздің экологиялық белсенділермен, сарапшылармен және ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Бүгін біз Экологиялық кеңес жұмысының жаңа форматын және алдағы кезеңге арналған жоспарларымызды талқылаймыз,-деді Әбілқайыр Сқақов отырысқа қатысушыларға сөзін арнап.

Бұған дейін өңірлік Экокеңеске 17 адам кірсе, енді оның құрамында 25 адам болады. Мұнда экологиялық үкіметтік емес ұйымдардан 10 өкіл, ғылымдар мен сарапшылар саны 7, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестен 3 адам, экологияға қатысы бар мемлекеттік органдардан 5 маман кірді.

Экокеңесте қазір төрт негізгі бағытта жұмыс істейтін төрт жұмыс тобы бар:

– атмосфералық ауаны қорғау, жасыл технологияларды енгізу, ең озық қолжетімді технологиялар;
– өндіріс және тұтыну қалдықтарын игеру, тарихи ластану жағдайлары;
– су ресурстарын қорғау және ұтымды пайдалану;
– жасыл аймақтарды, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, биоалуантүрлілікті дамыту.

– Соңғы екі жылдағы жұмыс тәжірибесі артық бюрократиялық процедурасыз, жұмыстың барынша мобильді және жанды форматы қажет екенін көрсетті. Жұмыс топтарын бөліп, олардың белгілі бір бағытта жұмыс істегені тиімді әрі нәтижелі болады. Ал, отырыстарға онда көтерілетін мәселеге қарамастан, Экокеңестің барлық қатысушылары шақырылатын болады,-деп хабарлады жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сатиев.

«ЭКОМ» ҚБ басшысы Светлана Могилюк жоспарланған жобалар бойынша ашық қоғамдық тыңдаулар өткізу үрдісі сақталатынына үміт білдірді. Оның пікірінше, Экокеңестің қызметі де көпшілікке жария болуы керек. Светлана Могилюк өңір тұрғындарын көгалдандыру шаралары және қоршаған ортаны жақсартудың басқа жоспарлары туралы көбірек ақпараттандыруға шақырды.

– Билік тарапынан да, тұрғындар тарапынан да шешуді талап ететін мәселелердің тағы бір түйіні – жайлы орта қалыптастыру. Тұрғын үй аулаларындағы ауаны ластайтын өнеркәсіп емес, көліктер. Автомобильдер балалар алаңдары мен көгалдарға заңсыз қойылады. Біз ауа, көгал, сонымен қатар аулаларды абаттандыру сапасына назар аударуымыз керек,-деді қоғам белсендісі.

Павлодар География үйінің басшысы Александр Вервекин экспедициялар мен жаяу жорықтар кезінде қоғамдық бірлестік мүшелері Ертістің жағалауы мен орман аумақтарын қоқыстан бірнеше рет тазартқанын айтты. Қоғам белсендісі кәсіпкерлер мен тұрғындарды пластик өнімдерін пайдалануды азайтуға шақыруды ұсынды.

– Мектептерде экологиялық білім беру сабақтарын енгізу мәселесі қаралса, жақсы болар еді. Біз балаларға тілдерді, физика және химия пәндерін үйретеміз, ал экологиялық мәдениетке үйретіп жатқан жоқпыз. Мәселен, балалар Баянауылдағы қарағайға шүберек байласа, тілек орындалатынына шын сенеді. Ал, қорықшылары ұлттық саябақтың аумағында шүберектердің кесірінен қурап қалған екі ағашты мұндай әрекеттердің неге алып келетінін көрсету үшін әдейі қалдырып отыр. Адам бала кезінен экологияда не жақсы, не жаман екенін білуі тиіс,- деп қосты Александр Вервекин.

«Берегиня – Био» қорының басшысы Татьяна Пономарева кеңес мүшелеріне ағаштарды күту мәселесі туралы еске салды. Ол соңғы уақытта қала аумағындағы жасыл желектерді суару жиілігі мен сапасы бойынша көптеген шағымдар жиналып қалғанын атап өтті. Қоғам белсендісі жасыл аумақты  үш жылдық күтім жасау әдісіне қайта көшуді ұсынды.

– Қазір былай болып жатыр: қаржыландыру көлемі жасыл аумақтардың санына бөлінеді де, көшеттерді суару саны шығарылады. Бір мәселе – бұл суару жеткіліксіз, екінші мәселе – суару өте кеш басталады. Сондықтан ағаштарға үш жылдық күтім жасау жүйесіне мүмкіндігінше ертерек көшу керек,-деді биолог.

Өңір басшысы келесі жылы облыстың елді мекендерін жаппай көгалдандыру жоспарланғанын атап өтті. Павлодардың өзінде ғана көшелер мен жалпы пайдалану орындарында 20 мың ағаш отырғызылмақ. Әбілқайыр Сқақов өз қарамағындағыларға бұл жұмысты экологиялық белсенділермен және сарапшылармен бірлесіп жүргізуді тапсырды. Әкім Экокеңес мүшелерімен ынтымақтастыққа үстірт қарауды доғаруды талап етті. Өңір басшысының айтуынша, олардың барлық ұсынысы қоршаған ортаны қорғау саласында шешім қабылдаған кезде маңызды рөл атқаруы керек. Экокеңестің кезекті отырысы келесі айға жоспарланды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button