БастыҚоғам

Амандық Баталов әкімдіктердің ашықтығы туралы онлайн кездесу өткізді

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Antikor.Live» жобасы аясында «Әкімдіктердің ашықтығы, есептілігі және қол жетімділігі» тақырыбында азаматтармен онлайн кездесу өткізіп, сұрақтарға жауап берді,  деп хабарлайды Kaznovosti.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілеме жасап.

Талдықорғандағы «Антикор» орталығында өткен тікелей желіде облыс басшысы Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асырылуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Publicbudget.kz» ашық бюджетінің интерактивті картасы» жобасының іске асырылуы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары туралы сауалдарға жауап берді.

Амандық Баталов өз сөзінде облыста аталған бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, тұрғындардың                                        мемлекеттік қызметтерді қалалар мен аудандардың әр бұрышында орналасқан бөлімдерді іздеп жүрмей, бір ғимараттан алуына мүмкіндік жасалған. Яғни он бес аудан-қалада «Сервистік әкімдік» жұмыс істеп тұр. Мәселен, жаңадан құрылған ауданның орталығы Нарынқолда салынған алғашқы нысандардың бірі де осы Сервистік әкімдік болды. Жыл соңына дейін осындай сервистік әкімдіктер өңірдің қалған бес ауданында ашылатын болады. Сол сияқты сервистік әкімдіктерде «Жетісу – адалдық алаңы» кеңселері жұмыс істейді.

«Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сыбайлас жемқорлықпен күресте бізге негізгі бағыт болып отыр. Яғни біз халықтың өтініш-сұрақтарын тыңдап, мәселелерін шешіп, заңды шешімін түсіндіруіміз керек. Мен күнделікті келіп түскен поштаны, әлеуметтік желілердегі өтініштерді қарап отырамын, көтерілген мәселелерді мүмкіндігінше шешуге тырысамыз. Әлеуметтік желінің пайдасы сол, облыстың әр қиырындағы мәселелерді жедел біліп отыруға көмек беріп отыр», – деп атап өтті А. Баталов.

Облыс әкімінің айтуынша, жалпы, облыс әкімдігі ұсынатын мемлекеттік қызметтердің 83% автоматтандырылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 90% дейін арттыру жоспарлануда. Сәуірден бастап бүгінге дейін облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті аудандық, қалалық әкімдіктермен бірлесіп «ADAL KOMEK» жобасы бойынша 169 тікелей эфир өткізген. Осы онлайн эфирлер арқылы облыстың 152 мыңнан астам тұрғыны қамтылып, 1486 өзекті сұрақтар қойылды.

Амандық Ғаббасұлы «Open space» (опен спейс) форматында іске асырылып жатқан «Жаңа формация басшысы» жобасы туралы айтып өтті. Қазіргі уақытта облыста 323 кабинет осы форматта жұмыс істейді. Бұл жұмыс әлі де жалғастырылады. Сол сияқты облыс басшысы пандемия басталғанға дейін барлық аудан-қалаларда азаматтар үшін жеке қабылдау жүргізілгенін еске салды. Сол қабылдауларда өңірдің әлеуметтік маңызды нысандарды жөндеу, ауыз су, әлеуметтік көмек сияқты бірқатар мәселелер шешімін тапқан.

Сол сияқты облыста «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы жүргізілуде.

«Қазір бәрі де көпшіліктің көз алдында, ашық. Осыдан он жылдай бұрын 2001 жылы облыс бюджеті небары 25-27 млрд. теңге болса, қазір 760 млрд. теңгеге жетті. Осындай бюджеттік даму мүмкіндігінің арқасында ауыз су сапасын жақсарту, жолдарды жөндеу, мектептер мен ауруханалар салу, елді мекендерді газдандыру сияқты ауқымды жұмыстарға тиісті қаржы бөлініп, жұмыс жасалып жатыр. Қаржының қалай игерілгені, жұмыстың қалай атқарылғаны туралы қоғамның алдында есеп беріп отырамыз. Кез келген танысамын, көремін деген адам интеракивті картадан оның бәрін еркін көре алады», – деді А. Баталов.

Бүгінгі таңда облыс Картасы 623 млрд. теңге сомаға толтырылған, бұл облыс бюджетінің 80 процентін құрайды.

Ал сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия құрылған.

Жалпы Алматы облысында Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі және сыртқы талдау жүргізіледі, бұл ретте 100-ден астам тәуекел анықталды. Бүгінде әзірленген ұсынымдарды орындау жұмысы жүргізілуде.

«Бұл ретте біз ең алдымен жер қатынастарындағы жемқорлықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аудардық. Алматы облысының жерлері, әсіресе, Алматы агломерациясына кіретін аудандардағы жерлер өте құнды. Бір кездері жер учаскелерінің нысаналы мақсатын жеке қосалқы шаруашылық ретінде көрсетіп, бөлшектеп сатып жіберген талай жағдайлар анықталып, оның салдарларымен әлі күнге күресіп келеміз. Бізге мұндай заңсыздықтардың жолын кесуде прокуратура органдары көп көмектесті. Осындай заң бұзушылықтарды болдырмау үшін мен әкім ретінде ең бірінші Интерактивті жер картасын жасауды тапсырдым. Бұл картада облыстың барлық жер учаскелері туралы толық ақпарат айдан анық көрініп тұр. Оны біз әлі де жетілдіріп, бұл жұмысты соңына дейін жеткізуіміз керек», – деді.

Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласында сыбайлас жемқорлық фактілерін азайту үшін электрондық мемлекеттік сатып алу енгізілді, сатып алудың негізгі рәсімдері автоматтандырылды, адамның қатысу факторы қысқартылды.

Жалпы облыс әкімінің айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы өңірлік іс-шаралар жоспарын іске асыруда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментімен бірлесіп, жүйелі жұмыс жасалуда.

Осы жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажанов та өткен 9 айдағы атқарылған жұмыстары туралы айтып берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button