
«Отандастар Қоры» КеАҚ-ның ұйымдастыруымен Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде оқитын ұлты қазақ шетел азаматтарымен кездесу өтті.
Кездесуге Отандастар Қоры, Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық тестілеу орталығы, Ұлттық волонтерлік желі және Жас Қазақ халықаралық ұйымының өкілдері қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – қандастарымызды толғандырған сұрақтарға арнайы мамандардың жауап беріп, түсіндіруі.
Отандастар Қорының білім бағыты бойынша қызметкері Еңлік Бердірахманова қордың атқаратын жұмыстары жайлы атап өтті. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының жанынан құрылып, шетелдегі отандастарымызды және елдегі қандастарымызды жан-жақты қолдайтын ұйым осы уақытқа дейін ауқымды шаралар ұйымдастырды.
Виза, азаматтық алу мәселесі бойынша Дайындық бөлімінің маманы Гүлмира Ақиқатқызы ешқандай мәселенің жоқтығын айтты.
Дайындық бөлімінің тыңдаушылары үшін 2022 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу қандай форматта өтетіндігі және талап-ережелерімен ҰТО директорының міндетін атқарушы Руслан Емелбаев түсіндіріп өтті. 2020-2021 жылдары ҰБТ-ны шетелде тапсырған отандастарымызға онлайн форматта өткендігін, тест тапсыру кезіндегі олқылықтарды енді болдырмас үшін, талаптардың күшейетіндігін айтты.
Қандас жастардың тек оқумен ғана шектелмей, қоғам өмірімен де араласып, өздерін жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін ұйымдармен таныстырылды. Оның ішінде Отандастар Қорының жанынан құрылған «Жас Қазақ» халықаралық жастар ұйымы жайлы ұйым жетекшісі Алжан Шарипов айтты. Ұйымдағы түрлі жобалар, оның ішінде ең ауқымдысы «Киелі Қазақстан» жайлы ақпарат берді. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі 20 белсенді қандасымыздың басын қосып, еліміздің киелі жерлеріне экскурсия жасайтын бұл жобаның орны ерекше. Алдағы уақытта да ұйымдастырылатын жобалар жайлы қысқаша айтып, кез-келген ұсыныстарға дайын екендерін жеткізді.
«Ұлттық волонтерлік желі» өкілі Айдана Макышева еліміздегі және әлемдік деңгейдегі жобалармен таныстырды. Волонтерлік қоғамға пайда тигізіп қана қоймай, өзіннің болашағына инвестиция құюмен тең екендігін айтты.


